30 Қаңтар 2020
Создано: 30 Қаңтар 2020
Алматы қаласында А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз жиыны болып өтті. ҚР-дағы органдық трансплантация мәселелеріне арналған бұл баспасөз жиынына негізінен ақпарат құралдарының журналистері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Баспасөз жиыны барысында Қазақстан Республикасындағы органдық трансплантацияның мәселелері, келісім презумпциясы, мәйіттік донор секілді іргелі жайлар талқыланып, профессор Болатбек Бимендеұлы Баймаханов көптің көкейіндегі түйткілді сауалдарға жауап берді.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Заңының 169-бабы негізінде мәйіттен қажетті ағзаларды алуға болады. Алайда бұл заң нормасы орындалмай отыр.
«Заңда жазылған «келісім презумпциясы» немесе «ықтимал келісім» деген қағида орындалмай отыр. Егер қарсылық болмаған жағдайда, яғни адам тірі кезінде ондай өсиетхат қалдырмаса, автоматты түрде органын алуға болады. Бүгінгі таңда органдар трансплантациясы бойынша 3 мыңнан астам адам күту парақшасында тұр. Алайда түрлі әлеуметтік желілердегі «сарапшылардың» «мәйіттік донор» жайындағы негізсіз пікірлерінің нәтижесінде елімізде трансплантация операциялары күрт азайып кетті. Орган трансплантациясын қажет ететін, оның ішінде жіті және созылмалы бүйрек жеткіліксіздігінен зардап шегетін 2601 адам бар, оның 74 – балалар. Органдық трансплантацияны қажет ететін науқастардың туыстары бүйрек және бауыр донорлары бола алады. Бірақ жүрек немесе өкпе патологиясы кезінде олар көмектесе алмайды. Осы ретте «мәйіттік донор» бірнеше адамның өмірін құтқарып қала алады. Заң бойынша келісім презумпциясы деген бар. Ол туралы нақты жазылған. Бірақ біз туысқандардың келісімінсіз бәрібір ештеңе істей алмаймыз. Мәселе осында», — деді Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов.
Қазір Қазақстанда адам органдарының трансплантациясымен 9 ірі медициналық орталық айналысады. Барлық операциялар тегін, мемлекет бюджеті есебінен жасалады. Қазақстанда 2012 жылы – 1, 2013 жылы – 4, 2014 жылы – 10, ал 2015 жылы – 22, 2016 жылы – 16, 2017 жылы – 11, 2018 жылы – 0, 2019 жылы – 1 адамға мәйіттен алынған органмен операция жасалған.
Толығырақ ақпарат алу үшін төмендегі сілтемелерге кіріп көрулеріңізге болады.