Нашар көретіндерге арналған нұсқа info@nnch.kz
+7 (727) 225 09 30
«А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ
Байланыс орталығы (дүйсенбі-жұма 8:00-17: 00) +7 (727) 225 09 30, + 7 (727) 279 22 40.
Біздің мекен-жайымыз: Алматы қ., Желтоқсан к-сі, 51
Меню

Бос бесікті тербетпейік

Бифат ЕЛТАЕВА

Қазіргі уақытта дүниежүзінде белең алып бара жатқан қоғамдық дерттердің біріне – белсіздік, бедеулік жатады. Елімізде осы мәселе бойынша ерлер мен әйелдер тең түсетін көрінеді. Яғни, жаңадан отау құрғандардың 15-20 пайызы перзентке зар болып жүр. Осы жағдайдың кесірінен ажырасып жатқандар да көп. Бедеулік, белсіздікке толығырақ тоқталатын болсақ, бұл дерттердің бірнеше себептері бар көрінеді. Мәселен, эндрокиндік гормональдық фактор, психологиялық фактор, иммунологиялық, генетикалық, трубалық факторлар, жатырішілік аурулар, инфекция, аномалиялық жағдайлар және белгісіз себептер мен ұсақ факторлар да жатады екен. Кейбір жұптар 1 жыл ішінде бала көтере алмаса, депрессияға түсіп, бір ғана маманның кеңесін алып, тез жеңіле салатын көрінеді. Көбіне мамандар бұл жағдайды жеңіл де, өте ауыр қабылдамауға кеңес береді. Жүрекке жақын қабылдағанда, көбісі психологиялық бедеулікке ұшырайды екен. Бұл дегеніміз, кейбір еркектер немесе әйелдер сау бола тұра, саналы, санасыз түрде «бедеумін» деп уайымға түсіп, ушықтырып жіберетін көрінеді. Үйлене салып, бірден «бедеумін, неге бала жоқ?, мүмкін ауру шығармын, туған-туыс не ойлайды?» деген секілді ойларды миға сигнал беріп, оны бүкіл дене мүшесіне команда ретінде жібереді. Яғни, «мен аурумын, ауырайын деп тұрмын-ау, осы» деп күніне қайталай берсеңіз, ертесіне ұшып түсетіңіз анық. Сол себепті, қазекем де «тек жақсы ой ойла», «жақсы сөз сөйле, періште «әмин» деп қояды» деген сөздерді жайдан жай айтпайтыны анық қой.

Бұл жөнінде А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық хирургия ғылыми орталығының уролог дәрігері Ернұр Белгібаев:

— Бедеуліктен зардап шегетін ерлі-зайыптылар алдымен, халық емшілерін, әулие-әмбиелерді аралап нәтиже болмағанда ғана дәрігерге келеді. Ерлердің бедеулігі қоғамда ашық талқыланбайды. Ер азамат кінәні өзінен іздемейді. Әдетте, мұндай проблеманың соңы олардың дәрігерге қаралуымен емес, көбінесе жұбайлардың ажырасуымен аяқталып жатады. Сондықтан әйелмен бірге ер азамат та бір уақытта дәрігерге қаралуы қажет. Ерлерге – уролог-андролог, ал әйелдерге – гинеколог көмектеседі. Кеселге не себеп болады? деген сұраққа келсек, еркек бедеулігінің себебі әртүрлі. Ер адам жас күнінде қорғанбаған жыныстық қатынасқа түсіп, ауру жұқтырса, ұрық жүретін түтікшелерде қабыну процесі болады. Салдарынан орхит, простатит, уретрит, везикулит, эпидидимит деген аурулар пайда болып, белсіздікке алып келеді. Бедеулікке алып келетін тағы бір ауру – варикоцеле. Ол аталық безін қанмен қамтамасыз ететін тамырлардың кеңеюінен болатын ауру. Аталық без бен оның қосалқысында қан тамыры кеңейген кезде ондағы температура жоғарылайды. Ал жоғары температурада ұрық жойылады.

Қазір урогенитал инфекциялар, яғни жыныс жолымен берілетін инфекциялар өршіп тұр. Хламидия, гонококк, уреплазма, цитоплазма, цитомегаловирус, герпес деген вирустар бар. Бұл вирус еркектердің 92 пайызында кездеседі және кетпейді. Осы секілді балада туа сала пайда болатын гипогонадизм, крипторхизм аурулары бар. Яғни, әйелдердің жүктілік кезінде тұмау, қызамық, венерологиялық аурулармен ауыруынан және нұсқаулықсыз дәрілерді ішкеннен пайда болады. Сол себепті, бала екі жасқа келгенше, ота жасап қалпына келтіру керек. Тағы бір айтарым, ер адамдарға ыстық сауна мен моншаға көп баруға болмайды. Және жыныс жүйесі ауруын емдейтін дәрігерге жылына бір рет болсын, қаралып тұру керек. Ішімдік, темекі, дәрі-дәрмектерден аулақ болыңыз. Сұйық тамақ, газсыз таза суды жиі ішіңіз, – дейді.

Сонымен қатар осындай қоғамдық дертке ұшырап жатқандардың дені жасы 30-дан асып, отау құрғандарда жиі кездесетін көрінеді. Неге десеңіз, жас қыздар тұрмысқа шықпай жатып, өзіне бар қорқынышты жиып алатын көрінеді. Яғни, тұрмысқа шыққан құрбысының әбіржіп, бала қарап жүргенін, не болмаса ажырасып кетсе, ауру баласы бар танысын көріп, өзіне келешекте үрейлі оқиғаны елестетіп, өзінде осы жағдай кездеседі ме деп қорқады. Сол себепті, тұрмысқа шықпай, уақыт өткізіп алып, кәрі қыз атанғанда шығады. Ол кезде бала көтеруі де, көтермеуі де мүмкін.

Тағы бір себепке тоқталсақ, қыз-келіншектердің түсік жасатуы да бала көтеруге кедергі келтіреді. Қазақстанда бейресми түсік жасатқандарды санамағанда, ресми деректерге сүйенсек, жылына 100-200 мыңдай түсік жасалынатын көрінеді. Бұған біріншіден, тәрбие әсер етсе, екіншіден, тұрмыстық жағдай әсер етеді. Олай дейтініміз, көп жастар үйленген соң, «баспана алып, жағдай жасайық, содан соң балалы болармыз» деп жоспарлайды. Баспана ала салу да оңай емес, біраз уақытты керек ететіндіктен, ерлі-зайыптыларда денсаулықтары сыр беріп, бала жасау қабілеті нашарлай бастайды. Кейбіреулер бар жағдайы болса да түсік жасатады. Ондағы мәселе – әйелдердің дене сымбатын бұзып алмауы деген жансақ ой. Үшіншіден, ер адамдардың әйел алдында, бала алдында жауапкершілігінің аз болуы.

Белсіздік, бедеуліктің тағы бір үлкен жауы – бір реттік жөргектер. Қазіргі жас келіншектерге таптырмас көмекші құрал болғанымен, бала үшін жағымсыз әрі зиянды зат. Кезінде бесік зиян, баланың басын шайқайды деген мамандар енді ол ойларын теріске шығарып, бір реттік жөргектердің ұлды – белсіз, қызды – бедеу қылатынын айтып, дабыл қағуда. Оның құрамы мұнайдан алынған заттардан өндіріледі, әрі түрлі иістендіргіш заттар қосылады. Сонымен бірге, құрамына целлюлоза, полиэтилен, полипропилен, ағартқыштар, натрий полиакрилаты кіреді. Натрий полиакрилаты медицинадағы аса сақтықпен қолданылатын ең қауіпті қоспа. Және жөргектің ішіндегі түйір-түйір заттар шіріп, ыдырауы үшін 200 жыл кетеді екен, әрі жөргекті тәжірибе жүзінде өртеп көрсеңіз, оңайлықпен жана қоймайды. Осыған байланысты мысал келтірер болсақ, байдың жөргек тастамай киіп өскен шолжаң, ерке баласын сүндеттеуге хирургқа апарса, піштірмей қайтарып жіберіпті. Сондағы мәселе, жөргекті көп киюдің салдарынан, жыныс мүшесі дұрыс қалыптаспағандығында екен. Әрине, ауа жібермейтін жөргек қайдан ғана пайдалы болсын?! Осы секілді мысалдар жетерлік.

Дереккөз: https://zhasalash.kz

Разработано в AlmaWeb