Нашар көретіндерге арналған нұсқа info@nnch.kz
+7 (727) 225 09 30
«А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ
Байланыс орталығы (дүйсенбі-жұма 8:00-17: 00) +7 (727) 225 09 30
Біздің мекен-жайымыз: Алматы қ., Желтоқсан к-сі, 51
Меню

2025 жылғы 12 қыркүйекте Алматы қ. А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының 80 жылдық мерейтойына арналған халықаралық қатысумен Қазақстан хирургтарының IX Конгресінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

2025 жылғы 12 қыркүйекте Алматы қ. А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының 80 жылдық мерейтойына арналған халықаралық қатысумен Қазақстан хирургтарының IX Конгресінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев “А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы” АҚ ұжымына құттықтау хат жолдады. Құттықтау хатта “Көрнекті ғалым, дәрігер Александр Сызғановтың бастамасымен құрылған орталық осы уақытта зор жетістіктерге қол жеткізді. Мұнда науқастарды емдеудің инновациялық әдіс-тәсілдері енгізіліп, маңызды зерттеу жұмыстары жүргізілді. Хирургияның түрлі саласы жан-жақты дамып, білікті дәрігерлер мен ғалымдардың тұтас шоғыры қалыптасты. Соның нәтижесінде бұл орталық еліміздегі жетекші ғылыми медицина мекемесіне айналды.
Ұжымның қажырлы еңбегінің арқасында отандық хирургия саласы биіктерге көтерілді.
Сіздер алдағы уақытта да ұлт саулығын жақсарту жолында еңбек ете бересіздер деп сенемін” делінген.


Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Абайұлы Бектенов өз құттықтау сөзінде “Орталық жаңашылдығымен алдағы уақытта да әлемдік ғылым бәсекесінде лайықты орын алып, озат ойлы, елжанды кадрларды қалыптастыру жолындағы игі дәстүрді жалғастырады деп сенемін” деп Орталық жұмысына жаңа табыстар тіледі.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова салтанатты ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеп, бұл шараның маңызы мен отандық хирургияны дамытуға қосатын үлесін атап өтті:
“Бүгінгі Конгресс шетелдік серіктестермен тәжірибе алмасуға, білімді дамытуға, жаһандық ғылыми және медициналық байланыстарды нығайтуға, қоғамды қазіргі ғылыми жетістіктермен таныстыруға және өзекті мәселелерді талқылауға жаңа мүмкіндіктер ашады”.

Ғылыми бағдарлама Жапония, Корея, Қытай, Үндістан, Иран, БАӘ, Венгрия, Испания, Литва, Ресей, Беларусь, Грузия, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның жетекші мамандарының басын қосты. Конгреске 400-ден астам хирург қатысты, олардың ішінде 100-ден аса шетелдік сарапшы, соның ішінде 58 спикер және 250-ге жуық отандық маман болды.
Гепатопанкреатобилиарлық хирургия, асқазан-ішек жолы, көкірек қуысы мен эндокриндік ағзалар хирургиясындағы заманауи жетістіктер мен стандарттарды, сондай-ақ, бауыр трансплантациясының өзекті мәселелері Конгресс жұмысындағы талқылаудың негізгі тақырыптарына айналды.
Конгресс аясында денсаулық сақтау саласының ғылыми әлеуетін қолдау және дамыту мақсатында жас ғалымдар байқауы ұйымдастырылады, онда 21 ғылыми жұмыс ұсынылды. Сондай-ақ, 10 материалды қамтитын бейнесекция ұйымдастырылды. Барлығы 100-ге жуық баяндама жасалды.
Конгрестің ғылыми бағдарламасымен қатар өтетін арнайы көрме қатысушыларға медициналық технологиялар мен жабдықтар саласындағы отандық компаниялардың соңғы жетістіктері және инновациялық әзірлемелерімен танысуға мүмкіндік берді.
Қазақстан хирургтарының IX Конгресі тәжірибе алмасу, қазіргі заман хирургиясының өзекті сын-қатерлерін талқылау және ортақ шешімдер іздеуге бағытталған кәсіби кеңістікке айналды. Конгресс жұмысының қорытындылары ұлттық хирургиялық қызметті дамыту бойынша жаңа ұсынымдар әзірлеуге және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға жол ашпақ.

Разработано в AlmaWeb