Ақтөбе қаласында еліміздің хирургтары мен алыс және жақын шетелдерден келген жетекші мамандар (Түркия, Оңтүстік Корея, Ресей, Литва) бас қосты. Бұл бас қосудың себебі — Ақтөбе облысының Денсаулық сақтау басқармасы, Қазақстан хирургтар қоғамы және А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы ұйымдастырған Қазақстандық хирургтар қоғамының екінші пленумы. Халықаралық пленумның тақырыбы — «Қазақстан Республикасының қазіргі заманғы шұғыл хирургия аспектілері және басым бағыттарының дамуы».
Пленум Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтау сөзімен ашылды. Сондай-ақ облыс әкімі жемісті еңбектері үшін қазақстандық дәрігерлерді және облыстағы трансплантологиялық қызметтің қалыптасуына белсенді түрде атсалысқан Оңтүстіккореялық хирург Кванг Вунг Лиді «Ақтөбеге 150 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.
Аталмыш іс-шараға министрліктің атынан ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев қатысып, осы ауқымды іс-шараға жиылғандарға: «Министр Елжан Біржановтың шын жүректен құттықтауын қабыл алыңыздар. Оның ойынша, бұл іс-шара үлкен маңызға ие. Министрдің атынан Ресейден, Түркиядан, Оңтүстік Кореядан және Литвадан келген әріптестер мен қонақтарға айрықша алғыс білдіреміз. Форум жоғары деңгейде өтеді және қатысушылар кәсіби біліктіліктерін арттырып, түрлі саладағы әріптестер арасындағы тәжірибе алмасуды нығайтады және жаңа технологиялармен танысуға мүмкіндік береді деген сенімдеміз. Форумның нәтижелері хирургия ғылымының дамуына ықпал етіп, хирургтардың күнделікті жұмысына және ҚР мен күллі орталық Азия аймағындағы осы саланың қарқынды дамуына ықпал етеді деп ойлаймыз», — деді өз сөзінде вице-министр.
Пленум аясында 20 баяндама, облыстардан келген бас хирургтардың 2019 жылдың үш тоқсаны бойынша есептері тыңдалды, жоғары технологиялы хирургиялық көмек көрсету жөнінде 10 шеберлік сабақ өткізілді.
Пленумның нәтижесінде хирургтардың күнделікті жұмысына көмектесетін, емдеу нәтижелерін жақсартатын және Қазақстан Республикасының хирургиялық қызметін дамытатын қорытынды резолюция қабылданды.