2025 жылғы 28 қазанда А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында жүрек ырғағының бұзылысын интервенциялық эндоваскулярлық тәсілмен емдеудің заманауи әдісіне арналған шеберлік сабағы өтті. Аталған жаңа технология Орталығымызда осымен екінші рет қолданылып отыр. Шеберлік сабағын өткізуге тәжірибелі маман, Грац университетінің (Австрия) профессоры, жүрек электрофизиологы Daniel Scherr қатысты.
Шеберлік сабағы аясында жүрекшелер фибрилляциясына шалдығып, ұзақ уақыт сырқаттанған және дәрі-дәрмектік емнен оң нәтиже болмаған 6 науқасқа Орталық аритмологтары жаңа әдіс – импульстік өріс абляциясы (Pulsed field ablation) әдісі бойынша хирургиялық ем жасады.
Импульстік өріс абляциясы – жүрек аритмиясын, әсіресе жүрекше фибрилляциясын емдеудегі инновациялық әдіс. Бұл әдіс электропорация деп аталатын технологияға негізделген, ол миокард жасушаларын ультрақысқа электр импульстарымен нысанаға алып, олардың селективті бұзылуына әкеледі. Бұл әдіс аритмияны емдеуде 90%-ға тиімді.
«Пульстік өріс абляциясы» атауы қысқа, жоғары қуатты импульстар тудыратын электр өрісін пайдалануды білдіреді.
Технология жасушалардың мембраналық потенциалын өзгертетін электр өрісін қалыптастыруға негізделген. Бұл электр өрісі электропорация деп аталатын үдерісті туындатады, яғни жасуша мембраналарында саңылаулар пайда болып, олардың тіршілік ету қабілеті бұзылады. Бұл импульстар тек нысанаға алынған жүрек жасушаларына әсер етіп, басқа тіндерге минималды зақым келтіреді.
Шеберлік сабағы АҚШ-тың Boston Scientific компаниясының тікелей қолдауымен FARAPULSE құрылғысын қолдану арқылы өткізілді.