«А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ бас директоры, м.ғ.д., профессор
Баймаханов Болатбек Бимендеұлы:
– Дана халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаса керек. Науқас жандардың жанына шипа, дертіне дауа болып келе жатқан медицина орталығының құрылғанына биыл 75 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында мекеме қандай даму сатыларынан өтті? Орталықта қандай бөлімдер бар?
– Екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыстан кейін жарақат алған және мүгедек болған адамдарды емдеп, денсаулықтарын қалпына келтіру мақсатында госпиталь ашылған. Соның базасында 1945 жылы осы хирургия орталығы құрылды. Орталықтың негізін қалаушы әрі тұңғыш директор академик Александар Николаевич Сызғанов болған. Ол кісі отыз жыл бойы осы мекемені басқарып келді. Кейіннен 1980 жылы Клиникалық және эксперименталды хирургия институтына академиктің есімі берілді. Ал, 1994 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ұйғарымымен А.Н.Сызғанов атындағы ғылыми хирургия орталығы болып өзгертілді. Сол құрылған бірінші күннен бастап қолға алынған бағыт өзгерген жоқ. Біздің мекемені медицинадағы үлкен кемеге теңеп жатады. Менің ойымша, кез келген орын жұмысын қалай бастаса, құтты қадам, жақсы дәстүр осылай өрби береді. Жасыратыны жоқ, қанша тырысса да жұмысы сәтсіз басталып, дұрыс жалғаспайтын мекемелер де болады. Біздегі жақсы бастама жалғасын тауып келе жатыр. Одан кейін мекемені Ткаченко басқарды. Сосын ұстазымыз Мұхтар Әлиев орталыққа басшы болып, көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Олар қазір тек хирургия саласында ғана емес, үлкен-үлкен орталықтарды басқарып жатыр.
Биыл біздің орталықтың 75 жылдық мерейтойы. Шетелдерден қонақ шақырып, мерейтойымызды халықаралық деңгейде атап өтеміз деп жоспарлағанбыз. Дүние жүзі бойынша хирургия саласындағы белгілі мамандардың басын қоспақ болдық. Бірақ, бүкіл әлемді алаңдатып отырған індетке бойланысты іс-шараны кейінге қалдырдық. Ол уақыттың еншісінде.
Бүгінгі таңда біздің орталықта 220 науқасқа арналған төсек орын бар. Біздің басқа орталықтардын ерекшелігіміз тек қана хирургиямен айналысамыз. Көбінде медициналық мекемелер бір ғана бағытпен жұмыс істейді. Яғни, көз, бүйрек, жүрек немесе онкологиялық ауруларды емдейді. Біз хирургияның барлық түрімен айналысамыз. Орталықта 12 бөлім бар. Барлығы озық заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Атап айтсақ, кардиохирургия, асқазан-ішек жолдары хирургиясы, эндокринді ағзалар хирургиясы, гепатопанкреатобилиарлы хирургия және бауыр тарнсплантациясы, ангиохирургия, торакалды және балалар хирургиясы, бүйрек трансплантациясы, урология және нефрология бөлімшесі, рентгенохирургия, интервенциялық хирургия және аритмология, реконструктивтік-пластикалық микрохирургия, гинекология, анестезиология, реаниматология және гипербариялық оксигенация бөлімшесі, 1 және 2 көпсалалы ақылы бөлімше. Сондай-ақ параклиникалық бөлімшелер, және қабылдау бөлімі бар. Мұнда 620 қызметкер жұмыс істейді. Кардиохирургия бөлімінің ашылғанына алпыс жылдан асты. Бүкіл Қазақстан бойынша жүрекке бірінші ота осы жерде жасалды. Балалар бөлімінде туабітті жүрек ақауы бар сәбилерге операция жасаймыз. Жалпы хирургияның қай түрі болмасын ең күрделі оталар осы жерде жасалған. Бізде балалар және ерексектер бөлімі бар. Қазіргі кезде аритмология және интервенция бойынша, яғни, тамыр арқылы ота жасау бойынша ең үлкен орталық боп саналамыз. Жетістіктеріміз дүние жүзіне әйгілі. Тамыр хиругиясы, оның ішінде күретамыр хирургиясы ең алғаш осы жерде ашылған. Микрохиругия, жұлын хирургиясы және жарақаттан кейін кесіліп қалған немесе құрысып қалған аяқ-қолға ота жасаймыз. Оның үстіне Қазақстанда бірінші рет 1983 жылы кесіліп қалған қолды қайта тігу операциясы жасалған. Микрохирургия соңғы уақытта эстетикалық хирургиямен де айналысып жатыр. Жарақат алғандардың жүйкесіне байланысты қалпына келтіру, үзілген сіңірді жалғау осы жерде жүзеге асырылады. Өкпе хирургиясы балалар және ересектер хирургиясы деп бөлінеді. Өңеш, асқазан. ашыішек, тоқішек хирургиясы ең бірінші құрылған ерекше бөлімдердің бірі. Эндокриналогияда еліміз бойынша ең көп ота зобқа жасалды. Қазір бүкіл дүние жүзіне кең танылған бауыр, ұйқы без және өт жолдары хирургиясы мен бауыр трасплантациясы.
– Бүгінде науқастардың көптігіне байланысты жүктемелеріңіз де ауыр екені белгілі. Бір жыл көлемінде қанша жоспарлы және жедел ота жасалады?
– Хирургияда жылына 6000 (алты мың)-нан аса операция жасалады. Оның ішіндегі негізгісі күрделі оталар. Көбіне науқастар облыстардан келеді. Яғни басқа жерлерде жасалмайтын оталарды біз жүзеге асырамыз. Көбіне жоспарлы ота жасаймыз. Басқа медициналық мекеме жасай алмайтын оталар болады. Соларың өтінішімен жедел көмек көрсетеміз.
– Денсаулық сақшылары – медицина мамандары заман көшінен қалмай, ғылыми жаңалықтардан хабардар болып отыруы тиіс. Алдыңғы қатарлы, медицинасы озық мемлекеттердің қайсысымен байланыс жасап, тәжірибе алмасып отырсыздар?
– Біздің атағымызды шығарып жатқан білімді мамандар. Олар отыздың ар жақ бер жағындағы, көбінесе шетелде білім алып келген өз ісінің білгірлері. Дәрігер білімін күнделікті, тіпті өмір бақи шыңдап отыру тиіс. Күнделікті ғылымдағы жаңалықтарды оқып, үйренгені жөн. Бұл – уақыт талабы. Біз маман даярлау жағынан ешқашан аянбаймыз. «Жас келсе, іске» деп оларды жұмысқа тартып, қызметте өсулеріне мүмкіндік береміз. Дәрігердің біліктілігін арттыру тоқмамайтын процесс. Біз жас мамандарды таңдап, осы жерге қызметке қалдыратын кезде оның білімін, қабілетін әбден зерттейміз. Мұхтар Әлиұлы басқарған кездің өзінде орталық мамандары ұлтқа да, руға да бөлінбеген. Яғни, маманның білім деңгейіне қарау дәстүрі жалғасып келе жатыр. Қолынан іс келетін адамды жұмысқа алғаннан кейін оны күнде тексеріп отырудың қажеті жоқ. Қабілетті дәрігер өз ісін біледі, оқуға, үйренуге ұмтылады. Ал, алға ұмтылмайтын адам мұнда тұрақтамайды. Жалпы бізде білім алуға мүмкіндік көп. Шетелге де барады. Біздің қызметкерлер жылына кемінде 15-20 халықаралық конференцияларға қатысады. Ешкімге тосқауыл қоймаймыз. Сол жерде баяндама жасайды.
Шетелдік мамандарға келсек, әр бөлімнің бірге жұмыс істейтін әріптестері бар. Бүкіл дүние жүзі бойынша мықты деген медициналық орталықтармен істес боламыз. АҚШ, Еуропа елдері, Оңтүстік Корея, Жапониямен тәжірибе алмасып тұрамыз. Белгілі бір мемлекет медицинаның осы саласына жаңа тәсілдер енгізсе, соны меңгеруге тырысамыз. Сол елге өзіміз барамыз немесе Қазақстанға шақырамыз. Жылда мастер-кластар болады. Қазір бәрі ашық. Шетелмен байтаныс жасап, тәжірибе алмасуға еш кедергі жоқ. Телемедицинаның да көмегі зор. Қиын жағдай болса шетелдік әріптестерімізбен кеңес өткізіп тұрамыз. Олар бізбен ақылдасып отырады. Онлайн конференциялар өткізіп, бірімізге біріміз қол ұшын беріп тұрамыз. Онсыз мүмкін емес. Халықаралық деңгейде тәжірибе алмаспайынша ешкім дамымайды. Бұрын «Адам өз қателігінен сабақ алады» деген ұғым болған. Сол қателікті түзету арқылы өз деңгейін көтереді дейтін. Қазір олай емес. Жалпы қай елдің медицинасы дамыған, солармен іскерлік қарым-қатынас орнату керек. Хирургияда қателік кешірілмейді.
– Сызғанов атындағы хирургиялық орталық трансплантациялық ота жасау бойынша еліміздегі бірден бір үздік мекеме. Бүгінге дейін осындай отаның қанша түрі жасалды?
– Бауыр трансплантациясы бойынша көптеген мемлекеттермен салыстырғанда алдыңғы қатарда тұрмыз. Қазір негізінен бүйрек пен бауыр алмастыру отасын жасап жатырмыз. Біз барлық трансплантациялық операцияны жасауға дайынбыз. Жүрек алмастыру отасы қазір өте маңызды боп тұр. Бірақ өте аз. Себебі мәйіт донорына байланысты проблемалар бар. Қазір тірі донордың көмегімен оның бір бүйрегін немесе бауырының бір бөлігін алып, науқасқа саламыз. Мәйіт трансплантациясы дамыған елдер бар. Атап айтсақ Америка, Еуропа елдерінде осы тәжірибе кең таралған. Ал Азия елдерінде, оның ішінде Жапония, Корея, Түркияда өкінішке қарай мәйіттік донордан трансплантация жасау аса дамымаған. Орган ауыстырғанда бауырға байланысты адамның қан тобы, бүйрекке байланысты иммунологиялық жағынан сәйкестік болса, туысы донор бола алады. Қазіргі қолданылып жатқан дәрілер организмнің иммундық жағдайын қалыпқа келтіре отырып, сол органды ағзаның жақсы қабылдауына мүмкіншілік беріледі.
– Орталықтың басқа мекемеден ерекшелігі, мұнда жас сәбиден бастап, қарттарға дейін медициналық көмек көрсетіледі. Соңғы уақытта орган ауыстыруға мұқтаж науқастардың жас ерекшеліктері қандай?
– Бұл – еліміздегі жетекші көпбейінді медициналық мекеме. Орталықта стационарлық, стационарды алмастыратын, жоғары технологиялы медициналық көмек, сондай-ақ консультативтік және емдік-диагностикалық қызмет көрсетіледі. Барлық құрал-жабдықтар жеткілікті. Науқастардың жас ерекшеліктеріне келетін болсақ, көрсеткіш патологияға байланысты. Дүние жүзі бойынша орган ауыстыруға қатысты шектеулер бар. Алпыстан асқан адамдарға трансплантация жасалмайды. Мәйіт донорына байланысты да шектеулер бар. Ота кезегінде жастар тұрса, алдымен соларға көмек береміз. Тірі донор мәселесін туыстары шешеді. Адамның денсаулығы жарап, органын берем деп тұрса, алпыстан кейін де ауыстыруға болады. Балалардың арасында негізгі трансплантациялық ота туабітті бауыр ақауына, яғни өт жолының болмауына байланысты жасалады. Бір жасқа дейін жәрдем жасалмаса, бала қайтыс боп кетеді. Нәрестелердің жүрегін ауыстыру өте сирек кездеседі. Ол ересек балаларға немесе үлкендерге жасалады. Ал, бүйрек алмастыру бойынша 80 шақты бала кезекте тұр. Жалпы донордың жоқтығына байланысты бауырға кезекте тұрған науқастардың біршамасы осы отаға жетпей, бір жылдың ішінде қайтып кетеді.
– Бұдан бірнеше жыл бұрын бауыр трасплантациясы бойынша қос донордың көмегімен ота жасалып, сәтті аяқталғанын білеміз. Осыған ұқсас ерекше емдеу әдістерінің тағы қандай түрлерін енгіздіңіздер?
– Бүкіл әлем бойынша хирургияда, оның ішінде трансплантациядағы барлық әдіс-тәсілдерді қолданамыз. Басқа медицина мекемелері науқастарға шетелде емделуге жолдама беріп жатады. Біздің ерекшелігіміз сол, шетелге емделушілерді жібермейміз. Орын тапшылығына байланысты өз бетімен барам дейтіндер болмаса, әлемдік практикадағы отаның бәрін өзіміз жасай береміз.
– Жалпы, трансплантология – үлкен ғылым. Оның әлі зерттейтін, меңгеретін тұстары көп. Осы орайда жас мамандардың біліктілігін арттыруға қандай ықпал жасап жатсыздар?
– Соңғы уақытта шетелдік әріптестеріміз бізге келіп тәжірибе алмасты. Жақында Жопанияға жас сәбилерге транспантация жасау байынша іссапарға барып қайттық. Әрине бұл сала оларда жоғары деңгейде. Солардың себебін анықтауға барғанбыз. Ол техникаға байланысты емес екен. Туа біткен бауыр ақауы бар балаларға бірден перзентханада диагноз қояды. Сөйтіп ертерек емдейді. Бұл емдеуді ұйымдастыруға байланысты. Бізде осы мәселе басқаша қаралған. Жапония клиникалары заманауи құрылғылармен жабдықталған, қолданылып отырған дәрі-дәрмектер, әдіс-тәсілдер, стационардағы залалсыздандыру мәселесі бәрі санитарлық талаптарға сай.
– Соңғы уақытта орган ауыстыру бойынша кезекте тұрған науқастарға өмірден өткен адамның мүшесін салу туралы адамдардың пікірі екіге жарылған. Бірі науқас туғанда қалай жаралса, о дүниеге солай бүтін күйінде кетуі керек десе, екінші топ науқастың немесе оның туыстарының рұқсатымен сау органын ауру жанға салса, бір адамға өмір сыйлар еді дейді. Осы мәселе жөнінде сіздің пікіріңіз қандай?
– Менің жеке пікірім, адамдарға көмектесу бірінші орында тұруы тиіс. Трансплантация арқылы науқастың жанын алып қалатын болсақ, одан тартынудың қажеті жоқ. Осындай отадан кейін отбасын құрып, балалы боп жатқан жастар бар. Мұндай мүмкіндіктер болып жатса, неге көмектеспеске? Дінде орган ауыстыруға мүлде болмайды деп тыйым салынбаған. Біз ислам, христиан, иудаизм діндерінің өкілдерімен кездесіп, пікірлерін білдік. «Егер адамды аман алып қалатын болса, бұл өте дұрыс қадам» деп айтты. Керісінше, бұл күнә емес, сауап. Жаратқанға біздің тәніміз емес, жанымыз керек. Молдалар адам қайтқан соң қырық күннен кейін ет сүйектен ажырайды дейді. Сосын шіріп топыраққа айналады. Егер донор болуға жарайтын сау органы болса, оны науқасқа салып, неге жаңа өмір сыйламасқа? Адамның осы мәселеге байланысты сана-сезімін өзгерту керек. Заманға сай ойлану керек. Трансплантациялық отаның нәтижелеріне қарасақ, науқас одан кейін кемінде 20-30 жыл өмір сүреді. Осы ауыстырған органы жарамай қалса, тағы да ауыстыруға болады. Өмірінде үш-төрт рет трансплантация жасатқан адамдар бар. Біреудің органын басқаға салуға болмайды деген бос әңгіме. Әр мемлекет осы мәселені қарастырып, өздерінің дін өкілдерімен кеңесе отырып шешім шығарады деп ойлаймын. Оларда да осындай ем түріне қарсылар бар. Аздаған топтың кереғар пікіріне бола, отаға мұқтаж адамдарға зиян келтіріп, өмір сүруіне мүмкіндік бермеу қылмыс деп ойлаймын.
– Дамыған мемлекеттерде медициналық қызмет түрлері өте қымбат. Ал, біздің елде науқастарға жеңілдік жасалған. Яғни, қымбат оталарға квота тағайындалып, портал арқылы тегін жасалып жатыр. Осындай жанкешті жұмыстарды атқарып, өзінен бұрын науқастардың жайын ойлайтын дәрігерлерден сапалы жұмыс талап ету үшін не істеу керек?
– Біздің орталық бойынша айтсам, дәрігерлерге тиісті жағдай жасалған. Жалпы бізден келіп үйренетіндей жағдайдамыз. Науқастарымызды шетелге жібермей, керісінше, олардан артық емдеуге дайынбыз. Кейбіреулер дәрігерлердің айлығын көтеру керек деп жатады. Бірақ жұмыс сапасы бұған байланысты деп ойламаймын. Дәрігер мамандығын таңдағанда жас маман қайда бара жатқанын жақсы білді. Шетелдік дәрігерлердің айлықтары жеткілікті. Бірақ соған сай өмір сүру деңгейі де жоғары. Бәрі қымбат, көбіне дәрігерлер жалдамалы пәтерлерде тұрады. Біздегі негізгі проблема – медицинаға сенімсіздік. Қарапайым несеп, нәжіс талдауларын жасату үшін Кореяға баратындар да бар. Егер ақшасы сонша тасып бара жатса, мұқтаждарға көмек берсін. Соңғы 15 жылдан бері шетелдік дәрігерлермен көп араласып келеміз. Оларда да деңгейі төмен мамандар бар. Бізде де проблемалар жеткілікті. Бірақ деңгейі жоғары клиникаларда мықты мамандарымыз да бар. Қазақтың бір қасиеті, шетелге бір адам барса, бәрі соның соңынан еріп кетеді. Басында науқастарды Қытайға сүйреді. Кейіннен Филипиннің хирургиясы мықты деп сол жаққа сабылды. Содан кейін Израильге бет алды. Қазір Кореяға барушылар көп. Қаражаттарын сыртқа шашады. Кейде сол ақша көмектеспейтін жағдайлар да болады. Негізінен осы оталардың 90 пайызы бізде жасалады. Керісінше, өз мамандарымыздың біліктілігін бағалау керек. Бізде онкологияға байланысты барлық операцияларды жасаймыз. Өз еліміздегі жоғары деңгейлі мамандары бар үздік орталықтарға жүгінген жөн. Соларға сене білу керек. Шетелдік медицина орталықтары қазір бәрін бизнес жасап алған. Олар еш уақытта «жоқ» демейді. Отандастарымыз хәл үстінде жатқан ауруларды апарады. Біз алыс жолға жарамайды деген науқастарды апарып, ота үстінде қайтыс болып, сосын мәйітті елге жеткізуде үлкен қиыншылықтарға тап болып жатады. Осының бәрі сенімнің жоқтығынан.
– Соңғы уақытта әлемді алаңдатқан індет дәрігерлер туралы көзқарасты өзгерткен сияқты…
– Әрине, алғыс айтушылар бар. Бірақ толықтай өзгерген ешнәрсе жоқ. Бірақ кейбір блогерлер кереғар пікір таратып, халықты адастырып жатқаны да жасырын емес. Жалпы дәрігер мен мұғалімді құрметтеу ол адамның деңгейіне байланысты. Отбасында алған тәрбиесіне байланысты жақсыны жақсы деп бағалайтындар жетерлік. Бірақ тырнақ астынан кір іздейтін пәлеқорлар да жоқ емес. Жақында ғана ресейлік профессордың мақаласын оқыдым. Онда «халық дәрігерлер ауруды сақтап қалуға міндетті деп ойлайды. Біз ата-анамыздан басқа ешкімге міндетті емеспіз» деп жазылған. Адамдар арақ ішіп, шылым шегеді. Салауатты өмір салтын сақтамай, артық салмақ қосады. Осындай жаман әдеттің салдарынан денсаулығыңнан айырылып, әбден өлер халге жеткенде дәрігерге жүгініп, «мені сақтап қалуға міндеттісің» дейді. Өзін-өзі күтіп, денсаулығын сақтау – әр адамның өз міндеті. Мен жиырма жылдан бері үлкен клиникаларды басқарып келемін. Өкінішке қарай, халықтың дәрігерлер туралы пікірі жақсы емес. Өздері уақытын өткізіп әкелгеніне қарамастан қаралауға дайын тұрады. Ата-анасына жаны ашымайтындар көп. Әке-шешесіне екі-үш айда бір төбесін көрсететіндер ауырғанда жанашыр бола қалады. Оларды күтіп, жағдай жасау баланың міндеті емес пе? Әбден денсаулығы құрып, миына қан құйылғанда әкеледі. Ондай науқас бірден көз жұмса, дәрігерді кінәлайды. Сондықтан, адам өзгерісті өзінен бастауы керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұқбаттасқан Елгүл НҰҒМАН, «AQIQAT ARNASY»
Дереккөз: «Ақиқат арнасы» Республикалық қоғамдық-саяси, құқықтық газет. №22-23 (23-24) 2020 жылғы 24 маусым