2024 жылғы 29 қарашада «А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ-да республикалық деңгейде «Хирургиялық терминдерді қазақ тіліне аударудағы мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – хирургиялық терминдерді қазақ тіліне аудару барысында кездесетін қиындықтар мен мәселелерді талқылау, хирургиялық терминдер аудармасын жетілдіру және стандарттау жөнінде ұсынымдар әзірлеу, медициналық қызметкерлер, аудармашылар мен лингвисттер арасында өзара іс-қимыл орнату.
Іс-шара шеңберінде қазақ тіліндегі хирургиялық терминдердің ағымдағы жай-күйіне талдау жүргізіліп, баяндамалар тыңдалды. Атап айтқанда, ҚР ДСМ медициналық терминологиялық комиссия төрағасының орынбасары, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ терминологиялық комиссия төрағасы, патологиялық анатомия кафедрасының профессоры Жауғашты Байназарұлы Ахметов – «Хирургиялық терминдерге байланысты ой-пікірлер», Астана медицина университеті, қалыпты физиология кафедрасының профессоры Салима Сайфоллақызы Ибраева – «Хирургия саласындағы терминдерді біріздендіру жолдарын жетілдірудің өзекті мәселелері», С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Анатомия кафедрасының доценті, ҚР ДСМ терминологиялық комиссиясының мүшесі Бауыржан Шәкенұлы Шәкенов – «Хирургияда қолданылатын анатомиялық терминдерді біріздендіру мәселелері», С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Тілдік пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы, ф.ғ.к. Төлеубек Қизатұлы Зайсанбаев – «Қазақ тілінің сөзжасам жүйесі және халықаралық терминдерді қазақ тіліне бейімдеу жолдары», С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, биофизика курсы бар қалыпты физиология кафедрасының профессор ассистенті Диас Дүкенбайұлы Жүністай – «Термин жасау мен аудармалардағы шешімін таппай жүрген мәселелер», «ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі» ШЖҚ РМК мемлекеттік тілді дамыту маманы, ф.ғ.к. Айгүл Жақсылыққызы Өтен – «Хирургиядағы қазақ тілі», ҚР ДСМ терминологиялық комиссиясының мүшесі, сарапшы-дәріскер Анар Бейсенқызы Мыржықбаева – «Хирургиялық терминдердің заңнамалық және нормативтік құқықтық аспектілердегі қолданылуы» тақырыбында баяндама жасады.
Іс-шара соңында мемлекеттік тілдегі хирургиялық терминдердің бірыңғай глоссарийін әзірлеу қажеттілігіне ерекше көңіл бөлінді, сондай-ақ өңірлік медициналық мекемелер, ғылыми орталықтар мен медициналық ЖОО-лар, медицина колледждері және тіл мамандары, аудармашылар мен лингвисттер арасында жалпыға ортақ терминологиялық алаң құру мүмкіндіктері талқыланды.