Алматылық білікті хирургтер 20 жыл бойы қант диабетімен ауырған зейнеткерді аяғынан тік тұрғызды, деп хабарлайды «Хабар 24».
78 жастағы Күләш Сағындықованың ауруы асқынғандықтан, аяғын кесу ең соңғы амал деп саналған. Алайда білікті дәрігер Талғат Тәжібаев науқасты дәрімен де, жылы сөзімен де емдеп жазды.
Зейнеткер Күләш Сағындықованың дерті асқынып, үш ай бұрын оң аяғының саусағы іріңдейді. Анасының ахуалына алаңдаған қызы Бота Сағындықованың бармаған емханасы, шағымданбаған дәрігері қалмайды. Барлығы науқастың аяғын кесу керек деген сөзді ғана естиді. Қанша күйзелсе де, үмітін үзбеген балалары әлеуметтік желі арқылы білікті хирург Талғат Тәжібаев туралы естіп біледі. Сөйтіп Күләш апаны дәрігерге көрсетеді. Операция сәтті жасалады.
Күләш Сағындықова, зейнеткер:
– Талғатқа алғысым шексіз. Қазір жақсы болдым. Аяғым жақсы, жазылып келе жатыр. Ерінбейді, күндіз де, түнде де келіп жатыр. Аяқтың созылмалы ишемиялық ауруына шалдыққандар көп дейді дәрігерлер. Яғни, тамыр өзегі 70 процентке тарылғандықтан аяқтағы қан айналымы нашарлайды. Оған некроз, қант диабеті, артериалды гипертензия ауруларымен қатар дұрыс тамақтанбау, шылым шегу сынды факторлар себепкер болуы әбден мүмкін. Ал зейнеткерге бұл операция эндоваскулярлық аппараттың көмегімен жасалған.
Талғат Тәжібаев, А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ қан тамыры хирургия бөлімшесінің дәрігері:
– Себебі бұл кісіде трофикалық жара бар. Үш айдан алты айға дейін жарасы жазылу керек. Инфекция түспес үшін жақсылап тағып, қарау керек. Сол себептен бұл жүру, бастысы аяқты сақтау. Одан кейін өмірін сақтау болды. Жалпы Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургиялық орталықта кепілдендірілген медициналық көмек бойынша жылына 150-ден астам осындай операция жасалады.