Нашар көретіндерге арналған нұсқа info@nnch.kz
+7 (727) 225 09 30
«А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ
Байланыс орталығы (дүйсенбі-жұма 8:00-17: 00) +7 (727) 225 09 30
Біздің мекен-жайымыз: Алматы қ., Желтоқсан к-сі, 51
Меню

Болатбек Баймаханов: Күніне донор күткен 100 адам өледі!

NEGE.KZ тілшісі Динара Мыңжасар А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы АҚ басқарма төрағасы Болатбек Баймахановпен сұхбаттасты.

Болатбек Бимендеұлы, осыдан оншақты жыл бұрын трансплантология саласында өзгеріс жасалып еді. Тіпті сол кезде орталық Алматы қаласы әкімшілігінің жанынан үйлестіру кеңесін құрып, Діни басқармамен бірлесіп жұмыс істеуді қолға алған-ды. Жалпы, бұл мәселеде ілгерілеушілік бар ма?
– Мәйіт трансплантациясына байланысты мәселе ешқандай да жылжып жатқан жоқ. Керісінше, кері кетіп жатыр. Осыдан үш-төрт жылмен салыстырғанда, көрсеткіш төрт-бес есе түсіп кетті. Халық қабылдамаймын десе, өзі біледі. Мұның дәрігерлерге түкке керегі жоқ. Бізге он сағаттап тұрып ота жасау, одан кейін күндіз-түні науқастың денсаулығын бақылауда ұстау керек пе? Тағы да айтамын, мәйіт трансплантациясының ілгері жүруі халыққа, әсіресе, өмірдің қызығын әлі көре қоймаған жастар мен балаларға керек. Қаншама адам ағза донорын күтіп жүр. Біріншіден, мәйіт доноры бізге керек пе, жоқ па, соны шешіп алуымыз керек. Дүниежүзі жасап жатыр. Былтырдың өзінде әлемде 160 мыңға жуық трансплантация отасы жасалды. «100 пайыз өледі» деген адамның 90 пайызы кәдімгі сау адам сияқты өмір сүріп кетеді. Трансплантация – ем қонбаған жағдайда қолданатын соңғы амал. Екіншіден, Діни басқарма араласып, халықпен сөйлескені нәтиже берген жоқ. Әйтпесе, 10 жылдан бері айтып жүрміз ғой. Кез келген мәселені Үкімет жоғары деңгейде қолдауы керек.

Не істеу керек?
– 2005 жылы қабылданған «Транпслантация туралы» заң бар. Сонда бәрі анық айтылған. Өкініштісі, сол заң дұрыс жұмыс істемейді. Тура осындай заң Беларусьте бар. Беларусь президенті А.Лукашенконың өзі: «Заң қабылданды. Мұны қолдамайтындар жазаға тартылады», – деді. Қазір трансплантация отасын жасау бойынша бұл мемлекет ТМД ішінде алдыңғы қатарда. Олар мәйіт ағзасын ешкімнен сұрап жатқан жоқ. Я болмаса, дәрігердің үстінен қылмыстық іс қозғалмайды. Сол сияқты тура осы заң Ресей, Бельгия, Испания, Голландия елінде де бар. Еш айырмашылығы жоқ. Ислам дінін берік ұстанатын елдер ішінде мәйіт трансплантациясын жасаудан Иран көш басында болса, әлемде мәйіт доноры бойынша төрттік қатарында Хорватия, Испания, Норвегия, АҚШ тұр.

Бұрын заң жоқ кезде 600-700 трансплантация отасын жасадық. Бір арыз түсіп, соттасу оқиғасы болмады. Біз трансплантацияны кеше ғана емес, 1978 жылдан бастадық. Ол кезде Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы ғана болды. Мәселен, Еуропадағы шіркеулердің маңдайшасында: «Сенің мүшең Құдайға керек емес. Оны осы жердегі адамдарға қалдырып кет…» деп жазылған. Міне, бізде де сөйту керек. Қазіргі кезде, ең бас­тысы, адамдардың қолдауы қажет.
Бүгінде блогер деген жазғыштар шықты. Мәселенің байыбына бармай, ештеңе түсінбесе де, өз пікірін тықпалайды кеп. Нағыз популизм. Арзанқол пікірімен бір күндік бедел жинау. Солар халықты ойлап жатыр ма? Адам кез келген нәрсені басына түспей түсінбейді. Отбасының бір мүшесі немесе өзінің осы жағдайға тап болмасына кім кепіл? Себебі, бүйрек, бауыр ауруының көрсеткішіне қарасақ, мұнымен жақын арада әр отбасы бетпе-бет келуі мүмкін. Сол кезде «Неге олай?» деп шығады.

Осы тақырыпты зерттеу барысында біраз адамның пікірін білген едім. Олардың дені «Алладан қалай келдім, солай оралуым керек» дейді.
– Онда неге ауруханаға келеді? Алланың тіршілігі ғой, Алла өзі алады деп үйде неге жата бермейді? Адамның психологиясы қызық. Қазір молданың өзі бірінші емханаға жүгіріп келеді. Неге? Инфаркт алып немесе инсульт болдың екен, Алланың бұйрығын жатып алып қабылдай бермейсің бе? Ал былайғы кезде бәрі ақылды. Исламға сүйеніп шығады.

Бәлкім, заң жобасын тағы да толықтыру керек шығар…
– Бұл заңды Қазақстан ойлап тапқан жоқ. Үтір, нүктесіне дейін әлгі мемлекеттердің заңымен бірдей. Бізде қазір екі заң бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы трансплантацияда мәселе туындауы мүмкіндігін есептеп, «қарсы» және «қарсы еместігін» сұрайды, болды. Яғни, тірі кезіңде рұқсатыңды бересің не бермейсің. Ал ішіндегі баптың бәрі бірдей. Принцип бір. Әр мемлекет өз менталитетін ескере отырып заңға өзгеріс жасайды. Қайтыс болған адамның ағзасын алуға заң бойынша рұқсат бар. Заң жұмыс істемейді. Оны орындамайтын өзіміз. Сіз өліп бара жатып, төрт-бес адамға өмір сыйласаңыз, одан артық сауап бар ма? Ағза мүшесін о дүниеге алып кеткеннен не пайда? Бір адам үш-төрт науқастың өмірін кем дегенде он бес, жиырма жылға созады. Оның ішінде донорды зарыға күтіп, өмірден өтіп кететін жастар қаншама. Сондықтан марқұмның туыстары ағза мүшесін берсе, соның өзі үлкен сауап. Егер сенің жақын адамыңның бауыры, бүйрегі, жүрегі басқа адамның кеудесінде соғып тұрса, одан артық қандай сауап керек? «Мына адамның ағзасында менің бауырымның жүрегі соғып тұр!» деген керемет емес пе?! Сол үшін ғана өмір сүруге болады ғой. Адам бәріне түсіністікпен қарау керек. Халыққа айтқан сайын керісінше жасайды. Еліміз дамып, АҚШ, Жапония, Испания тұрғындары сияқты түсінсе дейсің. Ол жақта да қарсы адамдар бар. Бірақ оларда құжат аларда автоматты түрде «қарсы» не «қарсы еместігін» жазады. Бір жолы – осы.

Ал біздің заң бойынша тек қарсылығын ғана білдіре алады. Сондықтан «қарсымын» дегендердікіне ешкім тиіспейді. Осы сөзді ғана енгіздік. Ұсынылғанына үш ай болды. Заң қабылданған соң алты ай бойы БАҚ арқылы жан-жақты мағлұмат таратылады. Яғни, ағзаңызды беруге қарсы болсаңыз, алдын-ала «қарсымын» деп жазып, нотариалды түрде бекітесіз. Ол ортақ базаға түседі. Егер алда-жалда апатқа ұшырасаңыз, базадан аты-жөніңізді қарайды. «Қарсымын» деген құжат табылса, ешкім тиісуге қақысы жоқ. Ал ондай қағаз болмаса, онда ағзаны сұрамай алуға болады. Бірақ біз басымыз бәлеге қалып, қудалауға түспес үшін туыстарынан рұқсат сұраймыз. Өткенде Ақтөбеде осындай жағдай болды. Бәрібір дәрігерлер жеңіп шықты. Өйткені, заң біздің жақта. Жұрт ағзаны бізге керек деп ойлайды. Біз оны не қыламыз? Қайта тып-тыныш отырмаймыз ба? Одан айлығымыз өзгеріп жатқан жоқ. 10 трансплантация жасайсың ба, 10000 ота жасайсың ба, сол жалақы. Сондықтан бұл бізге керек емес.

Жыл сайын донор кезегінде тұратын 100 адам көз жұмады екен. Солай ма?
– Қандай 100 адам?! Мыңдаған адам өледі. Бауыр циррозы болып, қан тоқтамай, өліп кетіп жатқандар көп. Қан кету мен өлудің жедел хирургиясында соқырішек, ішектің жүрмеуі, өттің қабынуы, қан кету, ішектің тесілуі, сияқты жеті нозология бар. Соның ішінде бірінші орында қан кету тұр. Қазақстанда қан кету, әсіресе цирроз кезінде болады. Міне, осы дертке шалдыққандар ана дүниеге кетеді. Қазір екеуміз сөйлесіп отырғанда тағы біреу өмірмен қош айтысып жатыр. Олардың бәріне донор керек. Қайдағы 100 адамды айтасың?! Күніне 100 адам өліп жатыр. Бүйректі санап отырғам жоқ. Қазір бүйрегі жарамсыз 5 мың адам аппаратқа байланып қалған. Ондай науқастың өмірін бастарыңызға салмасын. Аптасына үш рет бес сағат аппаратта жатады. Диализдің арасындағы өмір – өмір емес. Бұл қондырғы жай ғана ауруды жеңілдетеді. Бірақ удың бәрі ағзада жүреді. Жыл сайын 5 мың адамның құрығанда 500-і донор күтіп, кезегіне жетпей өледі.

Соңғы жылдары қанша трансплантация отасы жасалды?
– Соңғы екі жылда мүлдем төмен түсіп кетті. Әлі де түседі. Жағдай осылай кете берсе, тоқтайды. Себебі, қазір ота жасауға көңіл де, ниет те жоқ. Сені жан-жақтан қысып, қылмыс жасадың деп, артыңа шам алып түсіп жатса, не қажеті бар? Маған 10-15 сағаттап ота жасау керек пе?! Одан да кабинетте отырмаймын ба? Біз осы инициативалық жұмысымыздың арқасында дүниежүзі бойынша нәтижелі көрсеткішпен келеміз. Бізді қолдап жатқандар аз, керісінше, қудалаушылар жетеді. Соның өзінде трансплантация отасын жасап келеміз. Қазір 2 мыңға жуық бүйрек, 1000 адамға бауыр, 100 шақты науқасқа жүрек керек. Биыл 52 бүйрек, 21 бауыр трансплантациясы жасалды. Мұның бәрі туыстық донордың көмегімен болды. Мәйіт трансплантациясы тек еліміздің солтүстік өңірінде бар. Себебі, орыстар түсіністікпен қарап, береді. Ал өзіміздің қазақтар көбіне рұқсатын бермейді. Біздің қазақтар тек қана алуға бар, беруге жоқ.

Статистикалық деректе 2017 жылы мәйіт донорынан 217 ота жасалса, былтыр бұл 180 болған екен. Бұл мәлімет рас па?
– Бұл жалған мәлімет! Қайдағы 180! Бізде былтыр әрі кетсе 15, биыл 10 ғана мәйіттік трансплантация жасалды. Дәрігерлер көз жұмған науқастардың ішкі ағзаларын жақындарының рұқсатынсыз алуына болады. Мұны тіпті, Денсаулық сақтау министрлігі қолдап отыр. Министрдің өзі бір пікірінде: «Трансплантологияны қоғамға үйреншікті етсек – қосымша ағзаға мұқтаж мыңдаған адамның өмірін аман алып қалуға болады» деді. Дәрігерлер дайын, үкіметтен ақша беріліп жатыр. Тәжірибе жеткілікті, заң бар. Біздің орталықтағыдай команда дүниежүзінде аз. Күніне 10 трансплантация отасын жасауға дайынбыз. Сондықтан бізді дүниежүзінің бәрі біледі. Таяуда ғана Ташкентке барып, ота жасап келдік. Біз транплантацияны қалай жасау керектігін шетелге барып, көрсетуге дайынбыз. Еліміздің кейбір азаматтары бізден дәрігерлік консультация алады. Бірақ сенбей, шетелге кетеді. Бізде дәрігерлер пациентке науқас ретінде қарайды, ол жақта ақша көзі санайды. Былайша айтқанда, бизнес болып кеткен. Біздің халық тек қана Оңтүстік Кореяға жылына 150 млн АҚШ долларын тастап кетеді. Соның 70 пайызы диагностикаға кететін шығар. Алайда, оларда да кемшілік жетеді.

Қазір интернетте ағзасын саудалайтындар көп. Оларға қаншалықты сенуге болады?
– Интернетте кім, не жазбайды? Сізге бүйрек керек, не істер едіңіз? Келістіңіз дедік. Бірақ отаны кім жасайды? Біріншіден, сіз 10 жылға сотталасыз? Сатқан адам да. Себебі, ағзаны сату және сатып алуға дүниежүзінің заңы қарсы. Ол сізді бопсалауы мүмкін. Бұл – қылмыс. Екінші жағынан, Америкада эмоцияналды донор деген шықты. Ол жай досың, көршің болуы мүмкін. Яғни, жылдан жылға кеңейтіп жатыр. Егер саған бір адам шын ықыласымен көмектескісі келсе, неге келіспеске? Біз кез келген нәрседен қылмыс іздемеуіміз керек. Бізде туысқандық донор ғана бар. Ал екеуінің арасында ақша жүрмейтініне кім кепіл? Ағайындылардың арасында алыс-беріс жоқ деп кім айтты? Қазір әке-шешесін өлтіріп жатқан заман. Сондықтан адамға көмектесуге, өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бар ма, қарсы болмау керек. Олардың арасындағы шаруада неміз бар? Ол біздің жұмыс емес. Біздікі – ағзасын орналастыру ғана.

Ақтөбеде мәйіт донорын пайдаланғаны үшін туыстары дәрігерлерді сотқа бергені есте шығар. Бір пікіріңізде «Дәрігерлерді қолдайтын заң жоқ» деп едіңіз. Шынында, көп жағдайда әріптестеріңіз жапа шегіп жатқан жоқ па?
– Қазір «дәрігерлік қате» үшін жылына 200-300 қылмыстық іс қозғалып, соттап жатыр. Шетелде ондай түсінік жоқ. Дәрігерлер 100 пайыз диагнозды нақты қоюы мүмкін емес. Адамның ағзасына, дәрігердің білім-білігіне, құрал-жабдыққа, сол кездегі жағдайға байланысты. Іші ауырған адамды 100 пайыз соқырішек десек, ол инфаркт болып шығуы мүмкін. Біз де білімді, білікті болсақ та, қателесеміз. Сонда мені соттау керек пе? Немесе шалғай ауданда жалғыз дәрігер жұмыс істейді. Оған түнде ес-түссіз жатқан науқасты әкелді делік. Неден бұлай болды? Миына қан құйылды ма, ішімдіктен бе, әлде қант диабетінен бе? Не компьютер томографиясы жоқ, не УЗИ жоқ. Қалай диагноз қояды? Анықтаймын дегенше науқас көз жұмады. Сосын туыстары дәрігер көмектескен жоқ деп шығады. Сонда әлгі дәрігерді соттау керек пе?

Неге жұрт дәрігерді қаралауға бейім?
– Біздің халық сондай. Бұл біздің мемлекетіміздің деңгейі. Дәрігер мен педагогқа қоғамның көзқарасы қандай, сол мемлекеттің деңгейі де сондай. Біз мейірімділік, адамгершілік деген қасиеттен айрылып бара жатқандаймыз. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты құрметтеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет деген азайып кетті. Отбасында тәрбиеге дұрыс көңіл бөлінбейді. Адамдар бір-бірін қаралауға шебер, әйелдер еркекті сыйлаудан қалып барады. Аузында темекі, ішкені ішімдік. Жалпы, қоғамда адами құндылық азайып кеткен сияқты. Осы дұрыс па? Бұл қоғамның құрдымға кетіп жатқанын көрсетеді. Мұндай қоғам дәрігері мен мұғалімін қалай сыйлайды? Былтыр жедел түрде Қазақстанда 230 мыңға жуық жедел хирургиялық ота жасалды. Оның ішінде жарақат, пышақ салу, соқырішек, т.б. оқиғасымен келгендер көп. Егер дәрігер болмаса, 230 мың адам қырылып қалар ма еді, кім білсін?! Соны кім бағалап жатыр? Сол дәрігерлер 70-80 мың жалақыға жұмыс істеп жүр. Қазір жұрт тәуіпке барады, түкіртеді, миға кірмейтін ем-дом қабылдайды. Оның ішінде білімді, лауазымды қызметте жұмыс істейтіндер де бар. Міне, халықтың деңгейі сол. Сосын өлуге ауруханаға келеді, өлген соң дәрігерді кінәлайды. Халық көп жағдайды дұрыс түсінбейді. Ауруы асқынса да, қайтыс болса да, дәрігерден көреді. Дәрігер – Құдай емес. Оның да мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан халықтың 100 пайыз көңілі толуы мүмкін емес. Себебі, медицина сондай сала. Қолымыздан бәрі келе бермейді. Әрине, қателік те, кемшілік те жоқ емес. Бұл кейбір жағдайда білімсіздікке де байланысты. Ондай факті жеткілікті. Бірақ бәрін бірдей қаралауға болмайды. Егер халық дәрігерді дәл осылай қаралап, қудалай берсе, мемлекет жақын арада дәрігерсіз қалуы мүмкін. «Шыдамның да шегі бар». Таңның атысы мен күннің батысына дейін аяғынан тік тұрып қызмет етіп, күн сайын қанша адамның өмірін сақтап жатқанымызды айтпаймыз ғой. Мыңдаған адамның өміріне араша түсеміз. Оның бәрін айтсақ, мақтанғандай боламыз.

Әңгіме ауаныңызға қарасам, дәрігерлік мамандықты таңдағаныңызға өкінетін сияқтысыз…
– Ешқашан өкінбеймін. Құдай берген қасиет осы. Егер ұнамаса, бір күн де істемес едім. Не керегі бар? Өзім жылына 100 трансплантация отасын жасаймын. Шетелге де барамыз. Шәкірттерім көп. Өкінетін адам бұлай жұмыс істемейді ғой. Бар болғаны халықтың деңгейіне налимын. Жатып алып, біреуді кінәлауға шебер. Жалқау. Кезінде 3 жыл айлық алмай жұмыс істегенде, базарда сатушы да болдық. Еңбектің не екенін бір кісідей түсінемін.

Өзіңіз ағзаңызды беруге қарсы емессіз бе?
– Ешқандай мәселе жоқ. Менің ағзам жараса, ала берсін! Егер «қарсымын» деп жазбасам, онда автоматты түрде келіскенім болып саналады.

Источник: https://nege.kz/

Разработано в AlmaWeb