Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының ұжымына Алғыс хат жолдады, онда: «Бүгінде Қазақстан әлемде осындай күрделі трансплантациялық операциялар жүргізілетін алты елдің қатарына кіреді», – деп атап өтті.
Жуырда А.Н. Сызғанов атындағы хирургия орталығының базасында белгілі хирург, профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен трансплантологтар командасы елімізде алғаш рет аса күрделі – үштік тоғыспалы бүйрек трансплантациясы операциясын сәтті жүзеге асырды.
✅Бұл – отандық медицинаның озық жетістіктерінің айқын дәлелі. Қазақстан мұндай жоғары технологиялы әрі күрделі операциялар жасалатын санаулы елдердің қатарында.
Бір күннің ішінде, 12 сағат бойы мамандар пациенттер өз туыстарымен үйлеспегендіктен үш донорлық және үш трансплантациялық операция жасады. Тоғыспалы донорлықтың арқасында олардың әрқайсысы өмір сүруге мүмкіндік алды.
📜Мемлекет басшысы орталықтың ұжымына жолдаған Алғыс хатында денсаулық сақтау саласының дамуындағы қол жеткізілген елеулі прогресті атап өтті.
«Мемлекет денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Ауқымды бастамаларды іске асыру мен аянбай атқарылған жұмыстар еліміздің медицинасының айтарлықтай ілгерілеуіне жол ашты. Сіздер жасаған бірегей операция осының айқын дәлелі. Бүгінде Қазақстан әлемде осындай күрделі трансплантациялық операциялар жүргізілетін алты елдің қатарына енді. Бұл жетістік – отандық мамандардың ерен еңбегі, терең білімі мен баға жетпес тәжірибесінің нәтижесі», – делінген хатта.
Еліміздің ғылыми орталығының білікті дәрігерлер командасына шынайы ризашылығымды білдіре отырып, сіздерге амандық, игілік және азаматтарымыздың өмірін сақтауда зор табыс тілеймін.
🤝🏻Трансплантология саласында қазақстандық мамандар сәтті қолданып жүрген заманауи медициналық технологиялардың артып келе жатқан рөлін ерекше атап өткім келеді.