Нашар көретіндерге арналған нұсқа info@nnch.kz
+7 (727) 225 09 30
«А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ
Байланыс орталығы (дүйсенбі-жұма 8:00-17: 00) +7 (727) 225 09 30, + 7 (727) 279 22 40.
Біздің мекен-жайымыз: Алматы қ., Желтоқсан к-сі, 51
Меню

Ең күрделі оталарды біздің дәрігерлер де жасай алады

Шолпан Таңатарқызы, тәуелсіздік алғалы еліміздің медицина саласында да түрлі игі іс-шаралар жүзеге асуда. Сіздің ойыңызша, солардың қайсысы нәтижелі болуда?

— Әрине, мемлекеттің басты байлығы адам десек, халқымыздың денсаулығын жақсарту мақсатында қабылданған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бүгінде өз нәтижесін беруде. Біз негізінен адам өмірін ұзарту, қан қысымы ауруларынан болатын асқынулардың алдын алу, яғни, өлімді азайту мақсатын көздейміз. Бағдарлама аясында түрлі игі іс-шаралар атқарылуда. Әсіресе, соңғы жылдары жиі кездесетін инфаркт, инсульт, қант диабеті, туберкулез ауруларының алдын алу шаралары күшейтілді. Ана мен бала денсаулығы да басты назарда.

– Қазіргі таңда инсульттің жасар­ып кеткендігі туралы жиі айтылуда. Бұл ақпараттар қаншалықты рас?
– Шынында, қазір бұл дертке жастар көп шалдығатын болды. Инсульттің неше түрі бар. Соның ең басты екеуін атар болсам, біріншісі, ишемиялық, одан кейінгісі геморрагиялық. Инсульттің екінші түрі өте күрделі әрі қиын. Мысалы, мұндай сәтте қан тамыры жарылып кетеді.
– Жастардың жүрек ауруларына шалдығуының басты себептерін айта аласыз ба, тәжірибеңізден байқа­ғаныңыз?
– Қан қысымының жоғарылауы, атресклероз, тамырдың ішкі қабы­ғында артық тұнбалардың т.б. жиналуы. Бұрын бұл дертке әкелетін ең басты себептер осылар болатын. Қазіргі таңдағы негізгі себеп – стресс. Күйзеліске түсу салдарынан гормондар тамырдың қабығына әсер етеді де, қанды тез айналдырып үлгере алмайды. Бұл жағдай қанның бір жерге көп, енді бір жерге аз жиналуына әкеп соғады. Егер қан тамыры әлсіз болса, қан көп жиналған жер жарылады. Бүгінде жастарда эндокринологиялық аурулар, яғни, гормондардың бұзылу жағдайы көп кездеседі. Мұның соңы инсультқа әкеледі. Өкініштісі, кішкентай балалар түрлі жүрек ақаулармен туылып жатыр.
Сәбилердің жүрек ақау­ла­ры­мен туылуы ана денсаулығына ғана байланысты ма, әлде, сыртқы фак­торлардың ықпалы басым ба?
– Қоршаған орта, ауа, жүктілік кезінде ананың дұрыс тамақтанбауы, т.б. көп жағдайлардың әсер етері хақ. Бір айта кетерлігі, бүгінде сапалы азық-түлік өнімін табу мүмкін емес. Сақталу мерзімін ұзарту үшін кез келген тамақ өніміне түрлі қоспалар қосылады. Әрине, бұлардың зиян­дылығы бірден байқалмаса да, жинала келе бәрібір өз әсерін береді. Балаға калориялы тамақ керек. Егер жеткілікті түрде тамақ бармаса, оның үстіне, ана денсаулығында қандай да бір ақау болса, сол жерде фон пайда болады. Былайша айтқанда, әйел ағзасында бірнәрсе жеткіліксіз болса, ол жүктілік кезінде екі есеге азаяды. Сондықтан, әйел баласы үшін де тамақтануы, салауатты өмір салтын ұстануы тиіс. Дәрігерге алдын ала көрініп, тексерілудің пайда­сынан басқа ешқандай зияны жоқ. Өкінішке қарай, бізде олай емес қой, ауру пайда болғанда немесе асқынып кеткенде ғана дәрігерге барады. Жас қыздар гинекологқа жылына екі рет барып тұрса, өз жағдайларын жақсы біліп жүрер еді. Халық өз денсау­лығына өзі жауап беру керек, бірақ, жауапкершілігін түсінетіндер әлі де көп емес.
– Мысалы, бұрын студенттер мен оқушылар жылына бір рет медициналық тексеруден өткізіліп тұратын. Бәлкім, сол дәстүрді қайта қалпына келтіру керек шығар?
– Әрине, олай етсек, нұр үстіне нұр болар еді. Негізінен, бұл тұрғыда жергілікті поликлиника қызметкерлері жұмыс істеулері қажет. Мектептер мен балабақшаларға арнайы дәрігер бекітілген. Студенттік поликлиника жұмыс істейді. Сондағы медицина қызметкерлері балалар мен жастардың денсаулығын жылына бір рет тексеріп тұрса, олар да бұған үйренер еді. Бұл халық санасына да байланысты мәселе. Сонымен қатар, дәрігерлердің БАҚ-тар арқылы көбірек көрінулері, елдің назарын өздеріне аударуларының да өзіндік әсері бар.
– Елбасы дәрігерлер мен мұғалім­дерді қағазбастылықтан арылтуды, яғни, олардың адамдармен көбірек жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды. Осы мәселеде қандай да бір қозғалыс бар ма?
– Бұл мәселе әлі кейінге қалып тұр. Құжаттарды электронды түрде орталықтандыра алмай жатырмыз.
– Сіздіңше, қағаздан гөрі халық­пен етене жұмыс істеу үшін қандай жағдай керек?
– Бұл үшін аурухананы ақпарат­тық жүйеде жабдықтау қажет. Әр кабинетте компьютер болуы әрі олар сеттік жүйемен қамтамасыз етілуі тиіс. Қажетті құжаттармен айналысатын арнайы маман керек Біз нақты мәлі­меттерді өзіміз тексеріп, жазып беріп қана отырсақ, адамдармен жұмыс істеуге уақытымыз жетер еді.
– Қазір мұндай жұмыстың бәрін өздеріңіз атқарып отырсыздар ғой?
– Иә, бәрі өзіміздің мойнымызда. Құжатты компьютерге жазу, оны шығару, бәрін өзіміз істейміз. Бізде оқыту орталығы бар. Жас дәрігерлерді дайындаймыз. Онда интернатура бір жыл, резидентура екі жыл, білімін жетілдіру, қайта даярлау ақылы, ақысыз курстар бар. Сонда оқитын жас мамандар құжат жағынан бізге қол ұштарын береді.
– Алдына келіп отырған адам риза көңілмен кетуі үшін дәрігер ең алдымен не істеуі керек деп ойлайсыз?
– Ең бірінші, адамдарды жылы пейілмен қабылдауы міндет. Ол кісінің келу себебін, яғни, жан сырын бүкпесіз айтуына мүмкіндік жасаған жөн. Бұл үшін ең алдымен дәрігерге деген сенім болуы тиіс. Ал, ол сенім сырқатына шипа іздеп келген науқасты өзіңе тартып, оның ашық сөйлесуіне жағдай жасағанда ғана пайда болады. Яғни, проблемасын осы жерде шешіп, ары қарай не істейтіндігі жөнінде бағыт-бағдар алып кетуіне дәрігер мүмкіндігінше мүдделілік танытуы тиіс. Меніңше, ақ халатты абзал жандар осы қағиданы берік ұстанғанда ғана қателеспейді.
– Дәрігердің қателігі дегенді қалай түсінесіз?
– Өмірде бәрі болады. Өйт­кені, дәрігер де ет пен сүйектен жаратылған. Дейтұрғанмен, қандай жағдайда да дәрігерге қателесуге болмайды.
– Орталықтың, соның ішінде, өзіңіз басқарып отырған бөлімнің жұмысы жайлы да айта отырсаңыз.
– Біздің бөлім әртүрлі ауруды тексеруден өткізеді. Ультрадыбыс, компьютерлік, тамографиялық, т.б. диагностикалар жасалады. Қан тамыры ауруларының белгілерін алдын ала анықтаймыз. Біздің бөлім дәрігерлік кеңес те береді. Орталықта қан тамыр­лары, жүрек, микроскопиялық және бауыр мен өт, асқазан-ішек, өкпе хирургиясы және трансплантация бөлімдері қызмет көрсетеді. Ла­бора­ториялық мүмкіншілігіміз өте кең. Жаңа апараттармен жабдықталуда мін жоқ. Мамандарымыз Беларусь, Англияға барып оқып келді. Вирус­ты гепатиттің барлық түрін, қанның қантын, жалпы, зертханалық сарап­таманың бәрін өткізуге болады. Біздегі рентген бөлімінің мамандары өз істеріне тыңғылықты. Мұндағы аппараттар өзге емханаларда жоқ десе де болады. Барлық жерде бари ішкізіп ішекті тексере бермейді. Бізде бұл әдіс қолданылады. Сонымен бірге, хирургтардан басқа невропатолог, гинеколог мамандар да жұмыс істей­ді. УЗИ мамандары да өте білікті. Солардың бірі Райхан Уәлиханқызы, іш құрылысы, өт, бауыр, отадан кейінгі тексеру жұмыстарын жастар осы кісіден үйренуде.
– Хирургтардың соңғы кездегі жетіс­тіктеріне де тоқталсаңыз.
– Біздің хирургтар жүрек тамыр­ларына ғана емес, қалқан­шала­рындағы ақауларға стенд қояды. Мысалы, екі қалқаншаның ортасындағы тесікті бітейді. Бауыр, өт хирургиясында бізде­гі жаңалық былтырғы желтоқсан­нан бастап бауырға трансплантация жасалуда. Мұндай ағза ауыстырудың биыл алтыншысын жасадық. Біріншісі­не Беларусь мамандары қатысса, биылғы трансплантацияға жапондық әріптестеріміз көмектесті. Бүйрек ауыстыру бізде 1979 жылдан бері жасалуда.
– Қызмет көрсету жағы қалай, квотамен келетіндер көп пе?
– Біздің институтта арнайы ақы­лы бөлім бар. Өйткені, квотаны күткісі келмейтіндерге «7-бөлім» ақылы қызмет көрсетеді. Бұл бөлімде ота жасатуға да, ем алуға да болады.
– Медицина саласын көтеруге бізге әлі де не жетіспейді деп ойлай­сыз?
– Қазір елдің әл-ауқаты жақсару­да дегенімізбен, меди­цинаға әлі өз деңгейінде көңіл бөлінбейтін сияқты. Біз тәжірибе алмасуға шетелге барамыз. Сонда әріптестеріміздің жұмыс орындары барлық аппарат­тармен жабдықталған, жалтырап тұр. Олар тек зерттеумен, аурумен ғана айналысады. Ал, біздің зерттеуді қайда жасарымызды білмей басымыз қатады. УЗИ апаратымыз ескіріп қалса, оны да ойлаймыз. Бірақ, біздің мамандар аппарат ескі болса да өз біліктіліктерін танытуда. Шетелдерге барғанда сондағы аппаратпен жұмыс істеуді үйрендік. Ал, елге келгенде сондай жоғары технологияның жоқтығынан өз мүмкіндігімізді толық көрсете алмай қаламыз. Министрлік медицина саласының мәртебесін көтеруге бұдан да жоғары деңгейде күш салса, онда мамандар да өз мүмкіндіктерін толық пайдаланар еді. Шетелдерде оқып, білім-білік алып келген мамандар тәжірибелерін халқымыз игілігіне жұмсауға жағдай туып жатса, кәнеки. Сыртқа барып емделуге тырысатындар көп. Соларды неге өз елімізде емдемеске. Шетелдерде жасалып жатқан оталарды біздің хирургтар да жасай алады. Олардың ұтатын жері апараты ғана. Әйтпесе, мамандары біздікілермен бірдей. Оны тәжірибе алмасу барысында байқап жатырмыз. Қаржыны шетке шашпай, өзіміздегі бар мүмкіндікті пайдалану деңгейіне жетсек деген арманымыз бар.
– Оқырмандарға айтарыңыз.
– Біздің халық өте төзімді. Дей­тұрғанмен, жылына бір рет өздері медициналық тексеруден өтсе, бұл біріншіден, болып қалуы мүмкін қауіп-қатердің алдын алады. Өйткені, бүгінде жұқпалы, байқатпай ағзаға енетін аурулар көп. Соларды болдырмау үшін өздері келіп тұрса, біз де бар мүмкіндігімізді салар едік. Барша оқырманды алдағы Тәуелсіздік мере­кесімен құттықтаймын.
– Уақыт тауып, ой бөліс­кені­ңізге рақмет.
Сұхбаттасқан

13.12.2012г. “Заң” газеті, Түймегүл Смагұлқызы

Разработано в AlmaWeb