Нашар көретіндерге арналған нұсқа info@nnch.kz
+7 (727) 225 09 30
«А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ
Байланыс орталығы (дүйсенбі-жұма 8:00-17: 00) +7 (727) 225 09 30, + 7 (727) 279 22 40.
Біздің мекен-жайымыз: Алматы қ., Желтоқсан к-сі, 51
Меню

ПОСТ-РЕЛИЗ

Бүгін 2023 жылғы 8 қыркүйекте халықаралық мамандардың қатысуымен академик М.Ә. Әлиевтің 90 жылдығына арналған «Академик М.Ә. Әлиевтің Қазақстан хирургиясының дамуына қосқан үлесі» атты Қазақстан хирургтарының VIII Конгресі өз жұмысын бастады. Академик Мұхтар Әлиев ҚР медицинасының қарқынды дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның өмір және еңбек жолы жас дәрігерлер буыны үшін ғибратқа толы үлгі-өнеге. Академик Әлиевтің бастамаларының арқасында бүгінгі таңда торакалды, абдоминалды, жүрек-қантамыр, эндоскопиялық хирургия, микрохирургия және ағза трансплантациясы секілді хирургия салалары қарқынды дамыған. Қазіргі уақытта академик Б.Б. Баймаханов бастаған оның шәкірттері мен ізбасарлары хирургиялық шеберліктің эталонына айналған дана ұстаздарының ең озық дәстүрлерін жалғастыруда.

Конгрестің ұйымдастырушылары – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «С.Ж. Асфендияров ат. ҚазҰМУ» КеАҚ, «А.Н. Сызғанов ат. Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ, «Қазақстандық хирургтар қоғамы» РҚБ.

Осымен сегізінші мәрте өткізіліп отырған Қазақстан хирургтарының Конгресі Жапония, Корея, Үндістан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Литва, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия елдерінен келген жетекші мамандардың басын қосып отыр. Олардың әрбірі құрылымы мен мүмкіндіктері бойынша бірегей, өз арсеналында қуатты ресурстары, бай тарихы бар ғылыми мектептердің өкілдері. Бұл Конгресс қатысушыларына тәжірибе алмасып, кәсіби байланыстар желісін құруға, білік-дағдыларының аясын кеңейтуге, сондай-ақ хирургия саласындағы жаңа тенденциялар мен инновациялар туралы ақпарат алуға берілген таптырмас мүмкіндік.

Конгрестің бағдарламасы әлемдегі медицина ғылымының маңызды жетістіктеріне, хирургиялық ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алу жөніндегі жаңа бағыттарға арналған және жетекші шетелдік клиникаларымен тәжірибе алмасуға, гепатопанкреатобилиарлық хирургия, асқазан-ішек жолы және эндокринді ағзалар хирургиясы, сондай-ақ ағза трансплантациясы және шұғыл хирургия секілді күрделі салалар бойынша білім деңгейін жетілдіруге бағытталған.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау Вице-Министрі Вячеслав Юрьевич Дудник өз алғысөзінде, Конгрестің басты мақсаты – халыққа білікті хирургиялық көмек көрсету сапасын арттыру екенін және бұған ғылым мен практиканың ең озық жетістіктерін меңгеру, жаңа оқыту әдістерін енгізу арқылы ғана қол жеткізу мүмкін екенін атап өтті. В.Ю. Дудник Конгресс қатысушылары алатын тәжірибе ел игілігіне еңбек ететін хирургиялық қауымдастықтың жаңа ғылыми және клиникалық жетістіктерге ұмтылдыратын тамаша стимулына айналатынына сенімді.

Разработано в AlmaWeb